Бізді көзге кім ілген?
Оянатын дүбірден,
Мың өліп мың бір тірілген.
Қазақ едік бір кезде
Найзасына ту ілген.
Қадірі қашқан бұл күнде
Халықты көзге кім ілген?
Шетелдіктер жүр шіренген.
Елдігіңді менсінбей,
Танауларын шүйірген.
У-шу болып біз жүрміз,
Ата мекен, Отанда
Қойдай болып иірген.
Иттей болып жиі үрген.
Қысқан бізді бүйірден,
Қайғымыз көп үйілген.
Шешемін деп барлығын,
Шықпады айғыр үйірден.
Көреді оны үңілген,
Асқынғаны білінген.
Көп індеттің барлығы
Шығып жатыр бір іннен.
Болса да кейпің күйінген,
Шыға алмайсың үйіңнен.
Жұлмақ түгілі түбірден,
Аса алмаймыз күбірден.
Жайымыз мынау түңілген,
Жігерді жинап үгілген.
Ел боламыз қашан біз,
Жұдырықтай түйілген?
Біз емес пе ек кешегі,
Қырандай жауға шүйілген?
ЕврАзияда атой сап,
Шоқпарын жауға үйірген.
Әр кімге бір иілген,
Кімге айналдым бүгін мен?
Тілім анау тілінген,
Дәстүрім мынау үзілген.
Ата-салттан адасып,
Ұрпағым жүр бүлінген.
Боданда болған түріммен,
Кеңестен қалған жүгіммен.
Жете алмай жатқа жүгірген,
Аяңдап келем бүгін мен.
Авторы: Мұқтарбек Тұрысбекұлы 06.07.19 ж.